«Ә.Молдағұлова атындағы жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің тарихы
2023-2024 оқу жылы
Ә.Молдағұлова атындағы жалпы білім беретін мектеп аудан орталығындағы іргелі білім ошақтарының бірі. Мектептің ірге тасы 1967 жылы қаланып, төрт жылдық бастауыш мектеп болып ашылған. Мектепке сол жылы Жайлаубекова Қалкен басшылық жасады. Мектеп 1972 жылы орта мектеп болып ауыстырылды. Орталау мектепке арналып салынған оқу жайы тарлық етіп, оқушылар екі кезекте, үш жерде бөлініп оқытылды. Оқу жайына арналған екінші корпусқа 1958 жылы салынған совхоздың кеңсесі босатылып берілсе, ал, үшінші корпусқа 1960 жылы салынған совхоздың қонақ үйі босатылып берілді. Осындай жағдайда да мектеп ұжымы белсене еңбек етіп, жас жеткіншектерге сапалы білім, саналы тәрбие беру жолында жоғары деңгейден көріне білді.
2013 жылы мектеп 300 орындық жаңадан салынған жайға көшірілді. 2021 жылы қосымша 300 орындық жаңа жай берілді. Бүгінде заманауи технологиялық құралдармен жабдықталған пән кабинеттері, қыздарға, ұлдарға арналған шеберханалары, спорт залы, акт залы, асханасы бар мектепте 500 ден аса бала білім алуда. Еліміздің ертеңі болар білімді, дені сау, салауатты ұрпақ тәрбиелеу жолында оңтайлы оқу жайының да үлкен үлес қосары даусыз. Мектептің осынау ұзақ білім жолындағы тарихында Қыпшақбай Жұмақов, Ләнде Бөкенов, Шайыхова Дариға, Мұхаммедәли Иманбеков, Төрегелді Жүнісбеков, Ниязәлі Дүйсенбек, Ақарыс Мұқанов, Қонысбек Ахмет, Төлепберген Бекқұлиев сынды ұстаздар басшылық етті. Қазіргі таңда мектепке Сәке Шардарбеков басшылық жасауда. Осындай ұстаздардың ұлылығын ұлағаттаған шәкірттері жоғары деңгейден көрініп, бірнеше «Алтын белгі» иегері, үздік аттестат иегері бітіріп шықты. Бүгінде олар жоғары білімді маман ретінде Қазақстанның әр түкпірінде қызмет етуде.